STEPPENEWS.KZ: Алматыда қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жас ғалымдармен кездесіп, ғылым мен технологияны дамытудың және оны қалалық басқаруда қолданудың маңызы талқыланды.
Кездесу форсайт — стратегиялық диалог форматында ұйымдастырылды. Мұндай талқылаудың мақсаты — болашақты болжау, ұзақ мерзімді даму бағытын айқындау және ықтимал сын-қатерлерді ескере отырып, нақты шешімдер ұсыну.

Жиын барысында қатысушылар ғылыми зерттеулерді қаладағы үдерістерге енгізу, инновациялық жобаларды қолдау, цифрлық технологияны дамыту, экология мен инфрақұрылымға қатысты ғылыми әзірлемелерді жүзеге асыру, сондай-ақ ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Бұл бастамалар Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам ретінде бағаланды.
«Қаланың стратегиялық дамуы ғылымсыз мүмкін емес. Жас ғалымдардың идеялары мен зерттеулері Алматыны инновациялық әрі бәсекеге қабілетті мегаполиске айналдырудың берік негізі саналады. Қала әкімдігі ғылыми қауымдастықпен ашық әрі тұрақты диалог орнатуға және ғылыми бастамаларды нақты жобаларға айналдыруға мүдделі. Ғылым — қаланың заманауи әрі орнықты дамуының басты шарты», — деді Абзал Нүкенов.

Ғылыми бағыттағы жобаларды қолдау үшін биыл өңірлік гранттар тағайындау бойынша байқау өткізу жоспарланып отыр. Бұл гранттар қолданбалы ғылыми-зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға және нәтижесін коммерцияландыруға бағытталады. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен қарастырылған.
Еске салсақ, кездесу 2025 жылы құрылған Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес аясында өтті. Кеңестің негізгі мақсаты — ғылыми әлеуетті қаланың даму саясатына біріктіріп, зерттеулерді практикалық шешімдер мен нақты жобаларға бағыттау.
Бұл кеңес Мемлекет басшысының өңірлік инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес 2025 жылдан бастап жұмысын бастады. Оның құрамына ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары және жас ғалымдар енген.

