Алматыда матч барысында «Хан-Тәңірі» футбол клубының шабуылшысы Диас Төлеудің жағдайы күрт нашарлап, артынша көз жұмғаны қоғамды дүр сілкіндірді.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан матч барысында шабуылшының жағдайы күрт нашарлап, бір қырымен жатып қалғанын, оған жүгіріп жеткен дәрігердің алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде абдырап қалғанын байқауға болады.
Дегенмен зембіл көтерген екі жігіттің асықпаған сәті жұрттың ашуын туғызды.
«Зембіл көтергендер неге асықпайды?», «Мойындау керек, жедел жәрдем болмады, абдырап тұр ойыншылары да медиктері де асықпай, Кристиан Эриксенді қалай алып қалды мысалға», «Қалай клубтың дәрігерлері алғашқы көмек көрсетуді білмейді? Сол үшін керек қой, абдырап қалды не істерін білмей», «Көмек болған жоқ, уақыт созып кетті. Федерация қайда қарайды. Тергеу керек», — деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, матчтың 62-минутында жағдайы нашарлаған футболшыны жедел жәрдеммен алып кеткенмен, артынша көп ұзамай, қаралы хабар жарияланды.
Диас Төлеу 2006 жылдың 4 мамырында өмірген келген. Биылғы маусымда 19 матчта алаңға шығып, 1292 минут өткізген. Негізгі құрамда 14 рет шығып, бір нәтижелі пас беріп үлгерген.