STEPPENEWS: Алматы қаласында А. Селезнев атындағы хореографиялық училищенің оқу театрында бір актілі «Көбелек» балет-ертегісінің тұсаукесері өтті. Қойылым атақты композитор Жак Оффенбахтың музыкасына негізделген.

Спектакльдің идеясы мен либреттосын әзірлеп, сахналық қойылымын жасаған – училище оқытушысы, хореограф Санжар Қасымбаев. Авторлық жоба оқу ордасының шығармашылық әлеуетін көрсетіп, жас орындаушыларға жаңа көркемдік мүмкіндіктер ашты.
Сахнаға училищеде білім алып жатқан екінші сынып оқушыларынан бастап бітіруші курс студенттеріне дейінгі тәрбиеленушілер шықты. Бұл түрлі жастағы әртістердің бір қойылым аясында жұмыс істеуіне, тұтас көркем образ қалыптастыруына және болашақ мамандар үшін маңызды сахналық әрі кәсіби тәжірибе жинақтауына жол ашты.

«Көбелек» балет-ертегісі көрерменге махаббат, өмірлік сынақтар мен ішкі жаңғыру тақырыбын романтикалық сипатта ұсынады. Премьера көрермен тарапынан жоғары бағаланып, студенттердің дайындық деңгейінің жақсы екенін және кәсіби хореографиялық білім беру жүйесінде авторлық қойылымдардың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

