STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында жаңа мәдени-білім беру орталығы ашылды. Ол Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы жанынан жұмысын бастады. Орталық «American Space & Makerspace» деп аталады.
Жоба Алматы қаласы әкімдігінің, АҚШ Елшілігі мен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының, сондай-ақ жергілікті серіктес ұйымдардың қолдауымен іске асырылды. Бастама қала тұрғындарының білім алу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар шығармашылық пен заманауи технологияны меңгеруге жол ашады. Жоба халықаралық мәдени және білім беру ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.

Іс-шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев орталықтың маңызын атап өтті:
«Кітапхана – үлкен мәдени орта. Қазақта «Кез келген елдің болашағын білу үшін оның жастарына қара» деген дана сөз бар. Жастардың білім алып, шығармашылық және зияткерлік тұрғыдан дамуына жол ашатын осындай заманауи орталықтың кітапханада ашылуы мәдениет саласын дамытудың маңызды бағыты саналады. Бұл бастама екі елдің арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, өзара түсіністік пен серіктестікті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», – деді Данияр Әлиев.
«American Space & Makerspace» – білім мен шығармашылықты біріктірген заманауи көпфункционалды алаң. Мұнда АҚШ университеттерінде білім алуға қызығушылық танытқан жастарға кеңес беріледі. Ағылшын тілі курстары мен сөйлеу клубтары ұйымдастырылады. Кәсіби және цифрлық дағдыларды дамытуға арналған воркшоптар өтеді. Көшбасшылық, кәсіпкерлік және азаматтық белсенділік бағытындағы бағдарламалар да қарастырылған.

Іс-шара аясында АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін де құттықтау сөз сөйледі:
«American Space & Makerspace – адамдарды біріктіретін, білім мен инновация арқылы болашаққа жол ашатын сенім мен серіктестік алаңы. Біз бұл кеңістіктің жергілікті қауымдастықтың нақты қажеттілігіне жауап беріп, жастар үшін ашық әрі қолжетімді болып қалуын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық серіктестерімізбен бірлесе жұмыс істеуді маңызды деп санаймыз», – деді Мишель Еркін.
Сонымен қатар орталықта Makerspace аймағы жұмыс істейді. Ол 3D-басып шығару, дизайн, робототехника және бағдарламалауға арналған құралдармен жабдықталған. Ғылыми тәжірибелер мен қолданбалы шығармашылыққа да мүмкіндік бар. Орталықта америкалық әдебиет бұрышы қарастырылған.

