STEPPENEWS.KZ: Алматыда электронды темекіге салынған қатаң тыйымды айналып өтпек болғандардың жолы кесілді. Қалалық прокуратура Telegram арқылы заңсыз сауда жасап, миллиардтаған табыс таппақ болған топты әшкереледі. Тыйым күшіне енгелі бері бұл бағытта ондаған қылмыс анықталса, бұл жолғысы ең ірісі болып тұр.
Сауда негізінен «ESCOBAR OPTOM» және «Snake opt» сияқты жасырын Telegram-арналар арқылы жүргізілген. Сатушылар тауарды арнайы қоймаларда тығып ұстап, әлеуметтік желі арқылы жасырын таратқан. Тәртіп сақшылары жүргізген тінту кезінде 180 мыңнан астам вейп тәркіленіп, кейін көзі жойылды. Егер бұл тауар нарыққа шыққанда, күдіктілер 1 миллиард теңгеден астам пайда көрер еді.
Қазіргі уақытта іс сотқа жолданып, алты адам жауапқа тартылып жатыр. Олардың 347 миллион теңге тұратын мүлкіне де шектеу қойылды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың маусымынан бастап елімізде электронды темекі мен оған қажетті сұйықтықтарды сатуға, тасуға немесе шығаруға толық тыйым салынған. Бұл заңды бұзғандар енді тек айыппұлмен құтылмайды, тіпті бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

