STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында көшедегі жүргіншілерге тас лақтырып, былапыт сөйлеп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған шетелдік жасөспірім қыздарды полиция құрықтады. Бұл оқиға бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған болатын. Қазіргі таңда олардың ата-аналары заң алдында жауап беріп жатыр, ал жасөспірімдердің өздерін елден депортациялау мәселесі қарастырылуда.
Оқиға кезінде кәмелетке толмаған шетелдіктер қала тұрғындарына агрессия көрсетіп, олардың мазасын алған. Алайда бейнежазбаларды мұқият зерделеу барысында бұл жағдайдың тек бұзақылықпен шектелмегені белгілі болды. Тас лақтырудан бөлек, кадрларда топтық тонау белгілері де байқалған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай әрекет ауыр қылмыс санатына жатады және ол үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қоғам белсенділері мен қала тұрғындары бұл істі тек депортациямен ғана шектемеу керек деген пікірде. Жасалған әрекетте ауыр қылмыс құрамы бар болғандықтан, тиісті баптар бойынша қылмыстық іс қозғау қажеттілігі туындап отыр. Кәмелетке толмағандардың агрессивті мінез-құлқы мен топ болып тонау белгілері тергеудің басты назарында болуы тиіс.
Қазіргі уақытта полиция департаменті барлық фактілерді тексеріп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерттеу үстінде. Тәртіп сақшылары шетелдік азаматтардың Қазақстан аумағында болған кезеңде еліміздің заңдарын қатаң сақтауы тиіс екенін және заң бұзған жағдайда жауапкершіліктен ешкім қашып құтылмайтынын ескертеді.

