STEPPENEWS.KZ: Алматыда түзету орталықтарының бірінің қызметкері баламен байланысты жанжалдан кейін ұсталды. Бұған әлеуметтік желіде тараған бейнежазба себеп болды. Кадрларда ер адамның баланың қолын күштеп қайырып жатқаны көрінеді. Сондай-ақ аталған орталықта балаларға тұрақты түрде күш қолданылатыны туралы ақпарат тарады. Ондағы тәрбиеленушілердің көпшілігінде сөйлеу кемістігі бар, сондықтан олар болған жағдайды ата-анасына жеткізе алмайды делінген.
Бейнежазба жарияланғаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Алмалин аудандық полиция басқармасының мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта тергеушілер бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, куәгерлер мен орталық қызметкерлерінен жауап алуда. Тергеу Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Оның нәтижесі бойынша ұсталған адамның әрекетіне құқықтық баға беріледі.

