SteppeNews.kz: Үлкен Алматы шыңына шыққан үш адамнан тұратын топ 3300 метр биіктіктегі Космостанция ауданында қиындыққа тап болды. Шыңды бағындырып, кері қайтар жолда 2005 жылы туған жас жігіттің денсаулығы күрт нашарлап, басының айналуы мен тау ауруының нақты белгілері байқалған. Соның салдарынан топ мүшелері төменге өз бетінше түсу мүмкіндігінен айырылды.

Туристер сабыр сақтап, құтқарушылармен тұрақты байланыста болды және өздерінің нақты геолокациясын жедел жолдады. Хабарлама түскен бойда Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің қызметкерлері оқиға орнына аттанып, зардап шеккен азаматты және оның серіктестерін «Алма-Арасан» экобекетіне дейін қауіпсіз эвакуациялады. Төменге түскеннен кейін тау ауруының белгілері басылып, жігіттің жағдайы жақсарды. Ол медициналық көмек қажет емес екенін айтып, достарымен бірге үйіне қайтты.
