STEPPENEWS.KZ: Құрметті оқырман! Алматы тағы да кітапсүйер қауымға жағымды жаңалық ұсынып отыр. Қаламызда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар қатары көбейіп, енді тағы екі мәдени ошақ 24/7 режиміне көшпек. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыны «ешқашан ұйықтамайтын» мегаполиске айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

Ақпан айынан бастап Әуезов ауданындағы Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Бостандық ауданындағы Алматы Кітапханаларының филиалы оқырмандарды тәулік бойы қабылдайды. Бұған дейін Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана осындай форматқа көшкен еді. Осылайша, Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар саны бесеуге жетті.
1962 жылы ашылған Қазақстан жазушылары кітапханасы бүгінде Әуезов ауданындағы жетекші зияткерлік орталықтардың бірі саналады. 2020 жылғы жаңғырту жұмыстарынан кейін кітапхана кеңістігі заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Жалпы аумағы 410 шаршы метрді құрайтын бұл кітапханада 40 мыңнан астам кітап қоры бар, ал жыл сайынғы келушілер саны 145 мың адамға жетеді. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған жұмыс орындары, электронды оқу залы, RFID жүйесі және «Almaty-library» кітапханалық-ақпараттық платформасы қолжетімді.

Ал Розыбакиев көшесі, 247 үй, 7-блок мекенжайында орналасқан Алматы Кітапханаларының филиалы 2025 жылдың соңында пайдалануға берілген. Жалпы аумағы 503 шаршы метр болатын жаңа кітапхана қорында шамамен 20 мың кітап бар. Оқырмандар үшін жоғары жылдамдықтағы интернет, Wi-Fi желісіне қосылған компьютерлер, RFID қақпалары мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары қарастырылған.
Кітапханалардың тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшуі қала тұрғындарына, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бос уақыты бар жандарға білім алып, өзін-өзі дамытуға және мәдени демалысқа жаңа мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бүгінде Алматы қаласында 30 қалалық кітапхана жұмыс істейді. Тәулік бойы қызмет көрсету тәжірибесін кеңейту — кітапхана желісін жаңғыртуға және мегаполистің мәдени ортасын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі.
Ал сіз түнгі кітапхананың тыныш атмосферасында кітап оқып көргіңіз келе ме?


