STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласы халықаралық білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсуде. Соңғы бір жылда қаладағы шетелдік студенттердің саны 45 пайыздан астамға артқан.
Қазіргі таңда Алматының 35 жоғары оқу орнында 236,1 мың студент білім алуда. Олардың едәуір бөлігі – еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар мен шетелдік азаматтар. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Алматы – өңірдегі ең ірі білім беру орталықтарының бірі. Көпұлтты студенттік орта қаладағы жоғары оқу орындарына деген қызығушылықты тұрақты түрде арттырып, мегаполистің білім беру экожүйесіне халықаралық сипат беріп отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы Қазақстанда 82 елден келген 26 мың шетелдік студент білім алған. Бұл елдегі студенттердің жалпы санының 4,4 пайызына (606 мың адам) тең. Шетелдік студенттердің басым бөлігі еліміздің ең ірі студенттік орталығы саналатын Алматы қаласында шоғырланған.
Шетелдік студенттер ең көп білім алатын оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, мұнда 4,5 мың шетелдік студент оқиды. Екінші орында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті тұр. Бұл оқу орнында 1,9 мың шетелдік студент білім алуда, олардың 1,2 мыңы (63,2%) – үнді этносының өкілдері.
Үздік үштікке Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті енген. Аталған оқу орнында Түркіменстаннан келген 1,9 мың студент білім алып жүр. Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде 1,8 мың шетелдік студент оқиды.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбектің айтуынша, соңғы бір жыл ішінде шетелдік студенттердің саны айтарлықтай өскен.
«Соңғы бір жылдың ішінде шетелдік студенттер саны 45 пайыздан астамға артты – 17,1 мыңнан 22,6 мыңға дейін, яғни 5,5 мың адамға көбейді. Жоғары оқу орындарымыздың әлемдік рейтингтердегі позициясының нығаюы, халықаралық білім беру бағдарламаларының дамуы және сапалы, заманауи білім беру ортасының қалыптасуы біз үшін үлкен жетістік. Бұл әлемнің әр түкпірінен келетін жастардың қызығушылығын арттырып отыр», – деді ол.

