STEPPENEWS.KZ: Алматыда Пушкин көшесінің бір бөлігі жаяу жүргіншілерге арналған заманауи бульварға айналып келеді. Қаланың тарихи орталығында орналасқан көше бойында жасыл желекке толы жаңа қалалық дәліз қалыптасуда.
Қазіргі таңда Пушкин көшесі бойындағы аумақты ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба Райымбек даңғылынан Гоголь көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кеңістік серуендеуге, демалуға және қала ортасының тынысын сезінуге қолайлы, қазіргі заман талаптарына сай жасыл аймақ ретінде жобаланған. Мұнда тек тротуарлар ғана емес, ойластырылған жарықтандыру, автоматты суару жүйесі және кедергісіз орта қарастырылған. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мамандары хабарлады.

Жобада көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Көше бойына шамамен 300 ағаш пен 8 мыңға жуық бұта отырғызылды. Көгалдандыру кезінде Германиядан әкелінген Фриман үйеңкісі, төзімді шегіршін, ірі жапырақты паллида, сондай-ақ Түркиядан жеткізілген гинкго билоба қолданылған. Гинкго ағашы Алматыда алғаш рет отырғызылып отыр және ол қалалық ландшафттың жаңа, айрықша элементіне айналмақ. Жасыл желек қабатын көкжалбыз, ақ сәнтал «Элегантиссима», ругоза раушаны, қылтанбас, жапон тобылғысы мен көпіршік толықтырып, жыл бойы әртүрлі реңк пен көркемдік береді.
Сонымен қатар жабындар жаңартылып, жаңа көше жарығы орнатылып жатыр. Тас төсеу және су бұру жүйесін жасау жұмыстары да қатар жүргізілуде. Қазіргі уақытта ескі тротуарлар мен троллейбус желілері толығымен алынып, кабельдік желілердің негізгі магистральдары тартылды. Автоматты суару жүйесінің басым бөлігі орнатылып, жарықтандыру тіректері қойылды. Резервуар құрылысы аяқталуға жақын, ал жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын қалыптастыру мен көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жаңғыртылып жатқан аумақтың ұзындығы — 1,1 шақырым, жалпы көлемі — 6,5 гектар. Жобаның орындалу деңгейі шамамен 80 пайызға жеткен. Барлық жұмыстар аяқталған соң Пушкин көшесі Алматының тарихи орталығын жаңа қырынан танытатын, көлеңкесі мен жасыл желегі мол, тұрғындар мен қала қонақтарына жайлы серуен аймағына айналады. Көріктендіру жұмыстары белгіленген кестеге сай жалғасып, заманауи әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

