STEPPENEWS.KZ: Алдағы күндері қар жауып, ауа температурасының төмендеуіне байланысты Алматы қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Бұл туралы қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен тұрғын үй инспекциясы хабарлады.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, Алматыда 15 қаңтардан бастап қар жауып, 17 қаңтар кешке дейін жалғасады. 16 қаңтарда ауа температурасы түнде және күндіз –5…–7 градус шамасында болса, 17 қаңтарда түнде –11…–13 градусқа дейін төмендеп, күндіз –7…–9 градус деңгейінде сақталады.
Осыған байланысты 15 қаңтардан бастап қаладағы барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Өндірістік базаларда жүргізушілер, механизаторлар мен жол жұмысшыларының тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылды.
Көктайғақтың алдын алу үшін қар жауар алдында арнайы техника қойылатын аумақтарда 210 құм себетін көлік кезекшілікке шығарылды. Сонымен қатар негізгі магистральды көшелерге алдын ала сұйық реагенттер себіледі.
Тәулік бойы 1030 бірлік арнайы техника, жеке ұйымдардан тартылатын 200 техника және 2710 жол жұмысшысы жұмылдырылады. Аула аумақтарын тазалауға 1790 жұмысшы мен 256 арнайы техника қатысады.
Жолдың қауіпті учаскелерінде, еңіс жерлерде және жолайырықтарға кіріп-шығатын тұстарда көктайғақтың алдын алу және жою мақсатында 75 жедел бригада жол жамылғысының жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды.
Сонымен қатар Алматы қаласының Құтқару қызметі 16 арнайы техника мен 50 қызметкерді, ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті 53 техника мен 244 адамнан тұратын жеке құрамды тәулік бойы кезекшілікке қойды.
Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылау үшін тәулік бойғы кезекшілік енгізіледі.
Қала тұрғындарынан ауа райының күрт суытуына және көктайғақтың пайда болуына байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды. Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көлік арақашықтығын сақтау және күрт маневр жасамау ұсынылады.
Тәжірибесі аз жүргізушілерге жеке көлікпен жүруден уақытша бас тартып, қоғамдық көлікті пайдалануға кеңес беріледі. Ал жаяу жүргіншілерге тротуарларда мұқият болып, көпқабатты үйлер маңында сақтық таныту қажет, себебі шатырлардан қар құлауы мүмкін.

