STEPPENEWS.KZ: Алматыдағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында 31 магнит жұтып қойған 1 жас 9 айлық балаға шұғыл ота жасалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.
Бала өте ауыр жағдайда қабылдау бөліміне жеткізілген. Тексеру нәтижесінде дәрігерлер «ішектегі бөгде заттар — 31 магнит, жіңішке ішектің бірнеше тесілуі, перитонит» деген диагноз қойған.

Баланың өмірін сақтаудың жалғыз жолы – шұғыл хирургиялық ота болды. Дәрігерлер ортаңғы лапаротомия жасап, құрсақ қуысы ағзаларын толық тексерді. Ота барысында магниттер ішектен алынып, жіңішке ішектегі барлық тесіктер тігіліп, құрсақ қуысы тазартылды және дренаж орнатылды. Сонымен қатар ішекке трансаналдық интубация жасалды.
Хирург Асқар Ризвановтың айтуынша, магниттердің негізгі қаупі – олардың ішекте бір-біріне тартылып, ішек қабырғасын қысуы.
«Магниттер ішекті қысқанда қан айналымы бұзылады, тіндер зақымданып, тесік пайда болады. Соның салдарынан бірнеше сағат ішінде перитонит дамуы мүмкін. Көп жағдайда ата-аналар баланың жағдайы қаншалықты тез нашарлайтынын байқамайды», – деді хирург.
Дәрігерлер ескерткендей, тіпті бір магнит жұтылған жағдайда да дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Ал бірнеше магнит баланың өміріне тікелей қауіп төндіреді.
Мамандар ата-аналарды балалардың магнитті ойыншықтарға, магнит шариктерге және құрамында ұсақ магниттері бар заттарға қол жеткізуін шектеуге, тұрмыста қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

