STEPPENEWS.KZ: Алматы төрінде туризм мен музей ісінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет және туризм қайраткері Бақыт Камалқызы Оразымбетованың рухына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «XXI ғасырдағы туризм және музей кеңістігі: экскурсиялық қызметтің сын-қатерлері, мүмкіндіктері мен перспективалары» атты жиын сала мамандарының басын қосты.
Конференцияға қатысқан әріптестері мен жақындары еліміздің мәдени мұрасын дәріптеуге ғұмырын арнаған тұлғаның ғибратты жолын саралап, бүгінгі музей ісінің өзекті мәселелерін талқылады.
Бақыт Камалқызы ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің экскурсиялық бөлімін басқарып, отандық экскурсиятану әдістемесін жаңа белеске көтерген бірегей маман болды. Оның ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра жөніндегі ұлттық комиссиясындағы қызметі де Қазақстан құндылықтарын әлемдік деңгейде танытуға зор үлес қосты.
Конференция барысында «Остров Крым» ғылыми-зерттеу зертханасының негізін қалаушы Қырым Алтынбеков жәдігерлерді қалпына келтірудің маңызына тоқталып:
«Әрбір артефакт – өз дәуірінің құжаты. Біз бұл іспен халық өз тарихын білуі үшін айналысамыз», – деп, Бақыт Камалқызы ұстанған бағыттың мәнін айқындай түсті.

Жиынның ең тебіреністі сәті – кейіпкеріміздің туыстары мен әріптестерінің естеліктері болды. Ағасы Сайлаубек Оразымбетов отбасындағы алты баланың ішіндегі қарындасын: «Ешкімге кедергі жасамай, тып-тыныш отырып сабағын оқи беретін», – деп еске алды. Қызы Жұлдыз анасының адами болмысын, мейірімі мен ұстанымдарын тебірене жеткізді.
Әріптестері оны жай ғана патриот емес, елін, тарихын шексіз сүйген тұлға ретінде сипаттайды. Ол кез келген жанға жылулық сыйлап, іздегеніңді тауып беруге тырысатын, әрдайым қолдауға дайын тұратын ақжарқын адам болған. Тіпті, қиналған құрбысына: «Сен не іздесең, сол нәрсе де сені іздеп жүр», – деп демеу береді екен.
Конференция аясында экскурсоведение теориясы, музей мен туризм, кадр даярлау мәселелері бойынша секциялық мәжілістер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ғылыми жиын қорытындысы бойынша арнайы еңбектер жинағы жарық көреді деп жоспарланып отыр.
Бақыт Камалқызының жарқын күлкісі мен парасатты бейнесі оның өлшеусіз мұрасы мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

