Балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг қоғамда жіті назар аударуға қажет ететін күрделі мәселеге айналып отыр. Жоғары сынып оқушыларынан немесе қатарластарынан ұзақ уақыт бойы психологиялық, физикалық қысым көрген, мазаққа ұшыраған баланың ішкі күйзелісі күшейіп, кей жағдайда суицидтік ойларға әкелуі мүмкін. Елімізде ұлт болашағына үлкен қауіп төндіретін осындай мәселені шешіп, оның алдын алу бағытында мемлекет пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан кешенді шаралар қолға алынған. Қазақстан бойынша балалардың психикалық денсаулығын сақтау, буллинг пен суицидтің алдын алу мақсатында түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Кәмелетке толмағандарға бақылау және психологиялық қолдау» бағдарламасы, «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар», сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен психологиялық қолдау бастамалары бар, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кешенді жоспар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
Алматы қаласы Білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығының консультант-психологі Эльдар Жапаровтың айтуынша, қалада балаларға психологиялық көмек көрсету жүйесі кешенді түрде дамып келеді.
«Қазір Алматы мектептерінде психологиялық қолдау қызметтері күшейтіліп, балалардың суицидтік мінез-құлқын ерте анықтау және алдын алу бойынша нақты шаралар атқарылып жатыр. Әр мектепте мамандар оқушылардың психологиялық жағдайын бақылап, қажет кезде жедел кеңес пен интервенция ұйымдастырады. Сонымен қатар, ата-аналар мен педагогтарға арналған курстар мен тренингтер жиі өткізіледі», — дейді ол.
Бұл бастамалар «Кәмелетке толмағандарға бақылау және психологиялық қолдау» бағдарламасы аясында іске асып отыр. Бағдарлама бойынша пилоттық мектептерде дағдарыс жағдайындағы балаларға кешенді көмек көрсету жолға қойылған. Психологиялық көмекке қолжетімділікті арттыру үшін «111» сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл желі арқылы балалар мен ата-аналар құпия және тегін кеңес ала алады. Сондай-ақ, жастар мен жасөспірімдерге арналған арнайы орталықтар да бар, олар жедел психологиялық қолдау көрсетеді.
Балаларды суицидтен қорғау мәселесін тек мектепке артып қоюға болмайды
Алматыда 2023–2025 жылдарға арналған «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі Кешенді жоспар» жүзеге асырылуда. Бұл құжаттың басты мақсаты – балалар үшін қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасын құру. Жоспар аясында мектептерде «ДосболLike» бағдарламасы енгізіліп, оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, буллингтің алдын алу және әлеуметтік климатты жақсартуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, ақпараттық-ағартушылық кампаниялар, өзін-өзі басқару сабақтары мен психологиялық сауаттылықты арттыру тренингтері жүйелі өткізіледі.
Эльдар Жапаров бұл бағыттағы шаралардың нәтижелі екенін айта келе, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар екенін атап өтті:
«Атқарылып жатқан жұмыстар балалардың психикалық саулығын жақсартуға бағытталған, алайда статистика бұл мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Сондықтан алдын алу шараларын тұрақты бақылап, бағалау жүйесін енгізу қажет. Әр өңірдің ерекшелігі ескерілуі тиіс. Суицидтің алдын алу – тек мектеп пен отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ұмытпауымыз керек», — дейді сарапшы.
Мектеп психологтары балалармен жүйелі жұмыс жүргізеді
Алматының білім беру ұйымдарында суицид пен буллингтің алдын алу бағытындағы жұмыстар заңнамалық және психологиялық тұрғыда кешенді жүргізілуде. Мектептерде педагог-психологтар оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын анықтау мақсатында скрининг пен анкеталау өткізеді. Нәтижесінде «тәуекел тобындағы» балалар анықталып, оларға жеке және топтық түзету жұмыстары ұйымдастырылады.
Буллингтің алдын алу үшін «Біз біргеміз» және «STOP буллинг!» атты акциялар мен пікірталас клубтары өткізіледі. Барлық мектептерде «Сенім жәшіктері» орнатылып, «111» және Психологиялық қолдау орталығының 8-771-972-12-59 нөмірлері ілінген. Қажет болған жағдайда психологтар ата-аналармен, дәрігерлермен және полициямен бірлесе әрекет етеді. Ата-аналар үшін «Баламен сенімді қарым-қатынас», «Эмоцияны басқару», «Жасөспірім кезеңінің ерекшеліктері» атты семинарлар тұрақты ұйымдастырылып, олардың психологиялық сауаттылығы артып келеді.
Қала мектептерінде психологтардың жұмысын тиімді үйлестіру мақсатында «Жанұя» және «Mental Health Lab» цифрлық платформалары енгізілді. Бұл жүйелер оқушылардың психологиялық жағдайын онлайн түрде бақылауға, тәуекел топтарын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. 2024 жылы 10 000-нан астам оқушы скринингтен өтіп, 277 балаға жеке психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, 500 профилактикалық іс-шара, 200 ата-аналар семинары өткізіліп, 1500-ден астам оқушымен жеке әңгімелесу жүргізілді.
Ата-аналар мен педагогтардың психологиялық мәдениеті артып келеді
Баланың эмоциялық саулығын сақтау ең әуелі отбасыдан басталады. Осы мақсатта Алматыда ата-аналар мен педагогтарға арналған тренингтер мен семинарлар тұрақты өтеді. Ата-аналарға арналған кездесулерде отбасындағы сенім атмосферасын қалыптастыру, баланың күйзеліс белгілерін ерте анықтау және оған қолдау көрсету жолдары түсіндіріледі. Ал педагогтар үшін «Қиын мінез-құлықты оқушылармен жұмыс», «Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу» сияқты практикалық сабақтар ұйымдастырылған. Нәтижесінде ата-аналар мен мұғалімдердің психологиялық мәдениеті артып, балалармен ашық диалог орнату және қауіпті жағдайларды алдын ала байқау дағдылары қалыптасқан.
Цифрлық жүйелер балалардың көңіл-күйін бақылауға мүмкіндік береді
Алматы қаласы бойынша балалар амбудсмені Диана Ерлан буллинг, суицид және кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
«Біз буллинг, өзіне қол жұмсау, суицидке әрекет жасау, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар мәселелерін қарастырамыз. Полиция департаменті және прокуратурамен жасалған меморандумдарға сәйкес, осы жағдайларға қатысқан кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен байланысамын. Оларға психологиялық көмек көрсету үшін 2024 жылы ашылған Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді», — дейді ол.
Диана Ерланның айтуынша, 2025 жылдың қаңтарында Отбасы қолдау орталығы ашылып, отбасыларға кеңес беру, психологиялық көмек және бақылау қызметі көрсетіле бастады. Сонымен қатар, 2025 жылдың көктемінен бастап Балалардың құқықтарын қорғау орталығы жұмысын бастады.
«Қалада 700 мыңнан астам бала бар, сондықтан мен әкімшілік және қылмыстық істер бойынша күнделікті өтініштер қабылдаймын және ата-аналармен үнемі байланыстамын. Кейде ата-аналарды да белсенді түрде араласуға шақырамыз. Барлық жауапкершілікті мектептерге немесе департаменттерге артпау керек, бірақ біз әрқашан бірге жұмыс істейміз, ата-аналар мұны түсінеді», -дейді амбудсмен.
Бүгінде жүйелі өзгерістер үш негізгі орталық арқылы жүзеге асырылып отыр:
- Психологиялық қолдау орталығы
- Отбасы қолдау орталығы
- Балалардың құқықтарын қорғау орталығы
«Барлық жүйелі мәселелер орталық деңгейінде шешіледі, ал жергілікті деңгейде сапалы жұмыс жүргізіледі. Мен үш орталықпен, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік блок, полиция департаменті және прокуратурамен бірлесіп жұмыс атқарамын. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы бір үлкен шешім қабылданады. Барлық мектептерде 111 шұғыл қызметі туралы плакаттар мен QR-кодтар ілінген. Балалар мен ата-аналар кез келген жағдайда осы қызметке жүгіне алады. 111 нөмірі арқылы заңдық кеңес пен басқа да сұрақтар бойынша хабарласуға болады», — деп атап өтті Диана Ерлан.
Алматы қаласында жүзеге асырылып жатқан кешенді бағдарламалар мен жаңа жүйелер балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қорғауда айтарлықтай нәтижелер беріп келеді. Баланың өмірі мен құқығын қорғау, қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында «Психологиялық қолдау орталығы», «Жанұя» және «Mental» цифрлық платформалары, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған тренингтер, сондай-ақ амбудсмен үйлестіретін жаңа орталықтар жұмыс істейді.