STEPPENEWS.KZ: Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылғы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына 100 жыл толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Бірінші ұлттық театрға 100 жыл: дәстүрлер, инновациялар және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қырғызстаннан белгілі ғалымдар мен өнер қайраткерлері, өнертану докторлары, профессорлар және жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Конференция барысында театрдың қалыптасу тарихы, рухани негіздері, даму кезеңдері және қазақ драматургиясындағы ұлттық идеяның орны кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, режиссурадағы дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы, актерлік шеберлік және қазіргі заманғы көркемдік шешімдерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, мерейтой аясында театр музейі «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрмені ұсынды. Көрмеде театрдың жүз жылдық тарихын қамтитын фотосуреттер, бейнематериалдар мен архивтік құжаттар көпшілік назарына ұсынылды.

