Биыл Алматы қаласында түрлі жазғы демалыс бағдарламаларымен 294 мыңға жуық оқушы қамтылды. Бұл – 1–10-сыныптарда білім алатын оқушылардың 98,7%-ын құрайды.
Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда жазғы демалыспен қамтылған балалардың саны 4,3%-ға артқан.

Жазғы демалысты ұйымдастыру барысында әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылды. Демалыс бағдарламаларына 3 537 бала қатысты. Олардың қатарында жетім балалар, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар және тәуекел тобына жататын жасөспірімдер бар.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жазғы лагерьлерде төрт ведомствоаралық тексеру жүргізілді. Сондай-ақ әрбір лагерьге полиция қызметкерлері бекітілді.

Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар немесе буллинг фактілері туындаған жағдайда жедел хабарласу үшін барлық демалыс орындарына арнайы QR-кодтар орналастырылған.
