Республика күні қарсаңында Алматы қаласында бір мезетте төрт заманауи мектептің салтанатты ашылуы болды. Бұл білім ордалары «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы мен «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа оқу орындары қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан:
- №219 мектеп Наурызбай ауданындағы Құрамыс шағынауданында,
- №220 мектеп Медеу ауданында, Құлжа трактісінде,
- №221 мектеп те Наурызбай ауданында,
- №222 мектеп Алатау ауданында өз жұмысын бастады.
Бұл нысандар Алматы қаласында білім инфрақұрылымын жаңғырту және үш ауысымды оқытуды жою бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі болып табылады.
Аталған жобалардың жүзеге асуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту мен балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған дәйекті саясатының жемісі.
«AMANAT» партиясы мен Алматы қаласы әкімдігінің бірлескен еңбегінің нәтижесінде 2024–2025 оқу жылында 12 мыңнан астам оқушыға арналған 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – партияның сайлауалды уәделерін орындаудың және «Сөзден іске» қағидатын нақты іс жүзінде дәлелдеудің айқын көрінісі.
«AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы денсаулық сақтау, білім және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Жандос Надиров жаңа мектептердің Республика күні қарсаңында ашылуының ерекше маңызға ие екенін атап өтті: «Бүгін біз Президенттің идеялары мен партияның сайлауалды мақсаттарының нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Әрбір жаңа мектеп – бұл мықты, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпаққа жасалған қадам, еліміздің жарқын болашағына қосылған үлес», – деді ол.
Сондай-ақ №221 жалпы білім беретін мектеп ауласында Республика күні мерекесіне орай ерекше акция ұйымдастырылды. Оқушылар, ұстаздар және ата-аналар мектеп ауласында 35 түйе ағашын (туя) отырғызды. Бұл игі іс еліміздің 35 жылдық тәуелсіздік тарихындағы өсіп-өркендеудің, келешек ұрпақтың болашағы мен елге деген сүйіспеншіліктің символына айналды.
Жаңа мектептердің құрылысы мен ашылуы алдағы уақытта да жалғасын табады. «AMANAT» партиясы мемлекеттік органдар және жергілікті қауымдастықтармен бірлесіп, әрбір баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына мүмкіндік беретін жайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.
