STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдысын дамытуға және цифрлық шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпықалалық экологиялық челлендж басталды.
Қала мектептерінің оқушылары арасында экологиялық сананы нығайту мақсатында «Экологиялық калейдоскоп» атты электронды экологиялық ашықхаттар жасауға арналған онлайн-челлендж іске қосылды. Бастамаға Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының 1–11 сынып оқушылары қатысуда.

Челлендждің басты мақсаты – оқушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, экологиялық сауаттылық деңгейін көтеру, сондай-ақ цифрлық және шығармашылық құзыреттерін дамыту арқылы табиғатты қорғау идеяларын кеңінен дәріптеу.

Жоба аясында білім алушылардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне назарын аудару, олардың креативті ойлау қабілеті мен цифрлық дағдыларын жетілдіру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру көзделген.
Қатысушылар графика, коллаж және анимация форматтарында электронды экологиялық ашықхаттар әзірлейді. Жұмыстарда табиғатты қорғау, ресурстарды үнемдеу, қалдықтарды сұрыптап жинау, су мен энергияны тиімді пайдалану, сондай-ақ «Таза қала – қауіпсіз болашақ» тұжырымдамасы секілді тақырыптар қамтылады.
Челлендж бірнеше кезеңнен тұрады. Ақпараттық кезеңде білім беру ұйымдарында қатысу талаптары түсіндіріледі. Шығармашылық кезеңде оқушылар өз жұмыстарын дайындайды. Ал челлендж-эстафета барысында әзірленген ашықхаттар әлеуметтік желілерде #ЭкологиялықКалейдоскоп, #ЭкоАлматы, #ТазаҚазақстан хэштегтерімен жарияланады. Қорытынды кезеңде ең белсенді қатысушылар мен үздік жұмыстардың авторлары марапатталады.
Аталған бастама оқушылардың экологиялық санасын арттыруға, шығармашылық әлеуетін ашуға және қоршаған ортаға жауапты көзқарас қалыптастыруға ықпал етпек.

