STEPPENEWS.KZ: Алматы облысында құқық қорғау органдары бірнеше ай бойы жасалған пәтер ұрлықтарының сериясын әшкереледі. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап өңір аумағында пластик терезелерді күшпен ашу арқылы пәтерлерге кіретін қылмыстық топ әрекет еткен. Ұрылар алтын бұйымдар, ақша және басқа да бағалы заттарды қолды қылған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 21 миллион теңгеден асты.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 20 наурыз күні криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді қолға түсірді. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың кемінде тоғыз пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды.
Бірнеше күннен кейін, 24 наурызда Алматы облысында тағы бір қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Олардың үш ұрлық дерегі бар. Ерекшелігі – бұл топтың құрамында 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер болған.
Ішкі істер министрлігі мүліктік қылмыстармен күрес ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Осыған байланысты азаматтарға қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі ескертіледі. Атап айтқанда, сапалы құлыптары бар берік есіктер орнату, әсіресе төменгі және жоғарғы қабаттардағы терезелерді күшейту ұсынылады. Сонымен қатар дабыл жүйесін, бейнебақылау орнату және күзет ұйымдарының пультіне қосылу тиімді.
Мамандар сондай-ақ әлеуметтік желілерде бағалы заттар мен олардың сақталатын орындары туралы ақпарат жарияламауға, әрі ірі көлемдегі ақша мен зергерлік бұйымдарды оңай қолжетімді жерде сақтамауға кеңес береді.

