Тас жолдың ортасында қауіпті маневр жасаған 3 жігіт жазаланды.
Желіге тараған кадрларда екі көлік жол ортасында бірнеше рет айналады. Олардың жанында атты адам ту көтеріп жүрген. Басқа жүргізушілерді өткізбей, жолда кептеліс туғызды.
Полиция оқиғаға қатысқан тұлғаларды анықтап, аудандық бөлімшеге алып кетті.
Анықталғандай, құқық бұзушылар Қарасай ауданының тұрғындары – 1999, 2003 және 2007 жылы туған азаматтар.
«Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 7 бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Барлық көлік арнайы айып тұрағына қойылып, жүргізушілер көлік құралын басқару құқығынан 6 ай мерзімге айырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларға қолданыстағы заңнама талаптары мен өздерінің жауапсыз әрекеттерінің салдарын түсіндірді», — делінген хабарламада.
Полиция мұндай заң бұзушылықтар тек өздерінің ғана емес, басқа да жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
