STEPPENEWS.KZ: Алматы хайуанаттар бағы пайдаланылған табиғи жаңа жылдық шыршаларды қабылдауға арналған экологиялық акцияны қолға алды. Бұл бастама жасыл желектерге «екінші өмір» сыйлап қана қоймай, жануарлардың әл-ауқатын жақсартуға да мүмкіндік береді.
Жаңа жыл мерекелері аяқталған соң қала тұрғындары тірі шыршаларды қоқысқа тастамай, оларды Алматы хайуанаттар бағына тапсыра алады. Қабылданған ағаштар жануарлар қоршауларына орналастырылып, олардың тіршілік ортасын байыту мақсатында пайдаланылады.
Шыршалар бұғы, елік, қодас, қабан және өзге де жануарлар мекендейтін қоршауларда қолданылады. Жануарлар жаңа заттарға ерекше қызығушылық танытып, шыршаларды иіскеп, дәмін татып, тартып, секіріп, бұтақтарына сүйкеніп, қабығымен ойнайды. Мұндай белсенділік олардың қимыл-қозғалысын арттырып, күйзелісті азайтып, күнделікті тіршілігін әрлендіре түседі.
Аталған акция — тек экологиялық шара ғана емес, сонымен қатар адамдарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға және саналы тұтынуға үндейтін тағылымды бастама.
Шыршаларды қабылдау орны:
Алматы хайуанаттар бағының қызметтік кіреберісі
Алматы қаласы, Орманов көшесі, 64
Қабылдау мерзімі: 8–18 қаңтар
Қабылданады: тек табиғи, тірі шыршалар
Байланыс телефоны: 8 (701) 676-85-85
Алматы зоологиялық паркі қала тұрғындары мен қонақтарын акцияға қатысып, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосуға шақырады.

