Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халықаралық авиациялық хаб құру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Алматы халықаралық әуежайын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңес барысында TAV Airports Holding бас директоры Серкан Каптан мен әуежай президенті Гөкер Көсе Horizon компаниясының 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баяндады. Қазір ішкі рейстер терминалын реконструкциялау, мұздан тазартуға арналған заманауи платформа құру, әуежай маңындағы тұрғын үйлерді шудан оқшаулау және басқа да инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде.
«Жалпы тұжырымдама аясында үш ұшу-қону жолағынан тұратын жүйе қалыптастыру, жүк перронын салу, логистикалық және қойма кешендерін дамыту, жолаушыларға арналған заманауи инфрақұрылым тұрғызу жоспарланған. Бұл жаңғырту жұмыстары 2050 жылға қарай әуежайдың жыл сайынғы өткізу қабілетін 55 миллион жолаушыға және 500 мың тонна жүкке дейін арттыруға мүмкіндік береді», — деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Ал әзірге Алматы әуежайы жылына 12 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, елдегі әуе тасымалы көлемінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. TAV Airports Holding өкілдері жобаның қазіргі кезеңіне дейін 260 миллион доллар инвестиция салынғанын хабарлап, пайда көлемін қайта инвестициялауға дайын екенін мәлімдеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы әуежайының Президент тапсырмасымен еліміздің алты қаласында құрылып жатқан авиациялық экожүйенің маңызды бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық жобаны уақтылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына назар аударды.
Кеңесте нысанның қолжетімділігін арттыру және азаматтарға қолайлылық жасау мақсатында әуежайға кіреберісті айналма жол арқылы Үлкен Алматы айналма тасжолымен және қалалық автомагистральмен байланыстыру, жүк кешенін тиімді логистикамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Сонымен қатар авиаотынды жеткізу мен сақтау жүйесінің тұрақтылығына ерекше көңіл бөлінді.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен Алматы қаласы әкімдігіне әуежайдың реконструкциялау жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

