STEPPENEWS.KZ: Азия Олимпиадалық кеңесі 2029 жылғы Қысқы Азия ойындары Алматы қаласында өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың Xinhua ақпарат агенттігі хабарлады. OCA мен Қазақстан арасындағы ресми келісімге қол қою рәсімі 5 ақпанда Милан қаласында өтпек.
Бұған дейін ойындарды Сауд Арабиясында өткізу жоспарланған еді. Алайда ауа райының қолайсыздығы мен арнайы жабық спорт нысандарының құрылысы кешеуілдеуіне байланысты жарысты өткізу мерзімі белгісіз уақытқа шегерілген.
Айта кетейік, Қазақстан Қысқы Азия ойындарын бұған дейін 2011 жылы қабылдаған. Ол кезде жарыстар Астана, Алматы және Алматы облысында өтіп, 27 елден келген 1000-нан астам спортшы 11 спорт түрі бойынша 69 медаль жиынтығын сарапқа салды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 70 медальмен бірінші орын алды. Екінші орынға Жапония, үшінші орынға Оңтүстік Корея ие болды.
Сол жылғы ойындардың ресми тұмары — Ирби есімді қар барысының күшігі еді. Ашылу және жабылу салтанаттарына мемлекет қазынасынан 7 миллиард теңге жұмсалса, жарысты ұйымдастыруға кеткен жалпы шығын 35 миллиард теңгені құрады.

