Швейцарияның Лозанна қаласындағы Халықаралық Олимпиада музейінде Қазақстан үшін тарихи оқиға өтті. Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың спорттық формасы музейдің ресми коллекциясына қабылданып, Қазақстан алғаш рет әлемдік олимпиадалық мұраны сақтайтын жетекші музейде өз экспонатына ие болды. Бұл туралы SteppeNews.kz хабарлайды.
Салтанатты рәсім 6 шілде – Астана күніне орай ұйымдастырылды. Символдық мәнге ие шара барысында Александр Винокуровтың спорттық жолымен және қазақстандық велоспорттың халықаралық жетістіктерімен байланысты «Астана» велокомандасының формасы Халықаралық Олимпиада музейінің қорына табысталды.
Бұл – Қазақстанның аталған музейдегі алғашқы әрі әзірге жалғыз спорттық экспонаты. Халықаралық Олимпиада музейі әлемдік олимпиадалық қозғалыстың тарихын сақтайтын басты орталықтардың бірі саналады. Мұнда Олимпиада ойындарының көрнекті спортшыларына тиесілі тарихи жәдігерлер мен ерекше экспонаттар қойылған.

Форманы табыстау рәсімі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO) ұйымдастырған «Көпірлер орнату: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамының қозғаушы күші» тақырыбындағы бейресми министрлік саяси диалог аясында өтті. Кездесуде спорт, инновация, шығармашылық және халықаралық ынтымақтастықтың қоғам дамуы мен адам әлеуетін арттырудағы рөлі талқыланды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев, сондай-ақ Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Александр Винокуров спорттың адамның мүмкіндігін кеңейтіп, табысқа жету жолында командалық жұмыстың маңызын көрсететінін атап өтті.
«Жеңіс ешқашан бір адамның ғана еңбегі емес. Оның артында команда, білім, технология, еңбек пен сенім тұрады. Бүгінде Қазақстан білімге, инновацияға және азаматтарының әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді», – деді Олимпиада чемпионы.
Қазақстанның ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі бұл оқиғаны еліміздің халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктерінің бірі ретінде бағалады. Өкілдіктің мәліметінше, қазақстандық олимпиадалық форманың әлемдік олимпиадалық мұраны сақтайтын музей қорына енуі – қазақстандық спорттың халықаралық деңгейде мойындалғанының және Қазақстан туының әлемдік спорт тарихындағы лайықты орнын айқындайтын маңызды белгі.

Александр Винокуровтың формасы енді Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада музейіне келетін әлемнің түкпір-түкпірінен келген миллиондаған келушіге Қазақстанның олимпиадалық жетістіктерін таныстыратын тарихи экспонаттардың біріне айналады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
