Бүгін Ақордада Республика күніне орай салтанатты жиын өткізіп, сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта шағын және орта кәсіпті қолдаудың басқа шаралары қабылданатынын мәлім етті.
«Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады», — деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Бірақ, экономикалық реформаларды да тоқтатуға болмайды.
«Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін. Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым», — деді президент.
