Алатау қаласындағы жаңа суши мейрамханасының ашылу салтанатына келгендер бірін-бірі таптап кете жаздады. Ұйымдастырушылар алғашқы клиенттеріне тегін суши мен торт таратуға уәде берген, бірақ ғимараттың алдында қонақтар кептеліп қалды.
Жұртты СМС арқылы шақырған
Әлеуметтік желіде таралған видеодан жүздеген адам тамақ таратып жатқан мейрамхана қызметкерлерінің айналасына жиналып қалғанын көруге болады. Қатысушылардың арасында ересектер де, балалар да бар.
Мейрамхана клиент тарту үшін акция өткізгені белгілі болды. Іс-шара жақын маңдағы жексенбілік базардың ашылуымен тұспа-тұс келіп, адам көп жиналған. Тұрақты клиенттер SMS арқылы шақырылған.
Акция өткізуге әкімдіктен рұқсат алмаған
Тексеру барысында іс-шара Алатау қалалық әкімдігінің келісімінсіз өткізілгені анықталды. Мейрамхана әкімшілігі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпеген.
«Мекеме иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 443-бабының 1-бөлігі бойынша жасалған хаттамаға сәйкес, кәсіпкер қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды», — деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.

