STEPPENEWS.KZ: Екі жыл бұрын басталған Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы агроөнеркәсіптік кешенде тұрақты нәтиже көрсетіп, инвестициялардың қайтарымын арттыруға мүмкіндік берді.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерге енгізуге бағытталған бағдарлама агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы тиімді құралдардың біріне айналды. Игі бастама импортты алмастыруға, ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығына инвестиция тартуды жандандыруға бағытталған.
2023–2024 жылдары бағдарламаны іске асыруға 200 млрд теңге бөлініп, агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша 170 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік туды. Қазіргі таңда оның 84 жобасы пайдалануға берілді. Олардың қатарында жылына 332 мың тоннадан астам сүт өндіретін 53 сүт-тауарлы ферма бар.
Бағдарлама 2025 жылы да жалғасын тапты. Биыл 127 жобаны кредиттеуге қосымша 200 млрд теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 55 жоба іске асырылу сатысында тұр.
Жалпы бағдарлама агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 14 негізгі бағытын қамтиды. Олардың ішінде сүт-тауарлы фермалар салу, етті мал және құс шаруашылығын дамыту, балық өсіру мен өңдеу кәсіпорындарын құру, жылыжай кешендерін салу, көкөніс пен жеміс сақтайтын қоймалар тұрғызу, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бар.
Жобаларды қаржыландыру жеңілдетілген шарттармен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, кредит жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін беріледі, ал қарыздың ең жоғары сомасы 5 млрд теңгеге дейін жетеді. Мұндай талаптар бағдарламаны бизнес үшін қолжетімді әрі тартымды етіп, ұзақ мерзімді инвестициялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Бағдарламаның инвестициялық тартымдылығы бизнестің тең қаржыландыруымен де дәлелденіп отыр. Яғни, бюджеттен бөлінген әрбір теңгеге жеке сектор тарапынан тағы бір теңге инвестиция тартылуда.
Жалпы алғанда, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға бағытталған бұл жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы ауылдық аумақтарды кешенді дамытуға, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпал етуде.

