Еуропалық туристер отырған шағын ұшақ Кения аумағында апатқа ұшырады. Mombasa Air Safari әуе компаниясының мәліметінше, ұшақтағы 11 адам түгел қаза тапқан, деп хабарлайды Еuronews-ке сілтеме жасап.
Олардың қатарында кениялық ұшқыш, Венгрияның сегіз азаматы және Германиядан келген екі жолаушы болған.
Билік өкілдерінің айтуынша, ұлттық Масаи-Мара қорығына бет алған әуе кемесі қаладан шамамен 40 шақырым жердегі орманды жерде құлаған.
Құқық қорғау органдары апаттың себептерін анықтап жатыр. Белгілі болғандай, ұшақ апатқа ұшыраған сәтте нөсер жаңбыр жауып тұрған. Куәгерлер қатты жарылыстың дауысын естігенін айтқан. Оқиға орнында құтқару және тергеу қызметтері жұмыс істеп жатыр.
Mombasa Air Safari компаниясы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтқан. Масаи-Мара қорығы – Кениядағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Оның жалпы аумағы шамамен 1510 шаршы шақырым.
