Нұра ауданының 68 жастағы зейнеткері Елтай Махметов скандинавиялық жүріспен айналысып жүргеніне бір жарым жыл болғанын айтады. Белсенді қария денсаулығының жақсарып, өмір сапасының артқанын атап өтті.
«Жасым алпыс сегізде. Скандинавиялық жүріске қатысып жүргеніме бір жарым жыл болды. Қазір бұрынғыдай емес, денсаулығым жақсы. Көпшілікпен араласамыз. Мұндай таза ауада, осындай ортада жаттығу жасау біз үшін өте қолайлы. Осындай жағдайда өмір сүріп жатқанымызға ризамыз», – дейді ол.
Елтай ағаның айтуынша, бұқаралық спорт егде жастағы адамдар үшін ерекше маңызды.
«Бұқаралық спорт – жалпы адам денсаулығына өте пайдалы. Әсіресе, жасы ұлғайған кезде қозғалыстың рөлі зор. Буындар жеңілдеп, дене сергиді. Қазір өзімді жақсы сезінемін, бұрынғыдай ауруханаға жиі бармаймыз. Мұның бәрі – біз жасап жүрген жаттығулардың нәтижесі. Оның бәрі жаттықтырушының еңбегімен де байланысты», – дейді зейнеткер.
Елтай Махметов скандинавиялық жүріске былтыр мамыр айында келген. Қазір ол әйелімен бірге тұрақты түрде жаттығуларға қатысады.
«Былтыр мамырда келгем. Әйелім екеуіміз қатысып жүрміз. Туғанай Көшенұлы деген жаттықтырушымыз бар, ол кісінің сабағы өте тиімді. Бізді бір ұжымға біріктіріп, қызықты орта қалыптастыра білді. Осындай ұжымда болу үлкен қуаныш, жақсы әсер қалдырады», – деді ол.
Зейнеткер қазіргі жастардың спортқа деген қызығушылығын жоғары бағалайды.
«Қазір жастардың спортқа қызығушылығы өте жақсы. Ботаникалық баққа барсаңыз, жүгіріп жүрген, жаттығу жасап жүрген жастар көп. Олардың белсенділігін көріп, қуанып қаламын. Осындай балалар көбейе берсе екен деймін. Қазіргі заман жақсы ғой, мүмкіндігі мол. Сол мүмкіндікті дұрыс пайдаланып жүрген жастарды көріп, риза боламын», – деді ол.
Күнделікті белсенділікті сақтау үшін Елтай аға серуендеуді, дене жаттығуларын және дұрыс тамақтануды басты назарда ұстайды.
«Серуендеу, дене шынықтыру – күнделікті дағдымыз. Үйде біраз жаттығу жасаймыз. Балалармен серуендеп, көпшілік ортаға шығуға тырысамыз. Тағамды аз мөлшерде ішуге көңіл бөлеміз. Себебі адам өз денсаулығын сақтау үшін ең алдымен қозғалыс пен дұрыс тамақтануға мән беруі керек деп ойлаймын», – деді ол.
Зейнеткердің айтуынша, елде бұқаралық спортты дамыту бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
«Бұқаралық іс-шаралар жиі өткізіледі. Үлкен марафондар, ауданаралық серуендер, жаз мезгілінде тау жорықтары, судағы жаттығулар ұйымдастырылады. Мұның бәрі халықтың белсенді өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Осындай іс-шаралар көбірек болса екен дейміз. Олар үлкен әсер береді», – деді Елтай Махметов.
