STEPPENEWS.KZ: Түркістан облысының Жетісай ауданында дәрменсіз әкесіне қол көтеріп, қоғамның ашуын туғызған азаматқа қатысты апелляциялық сот шешімі шықты. Өздігінен жүре алмайтын қарияны қорлаған 41 жастағы Алмас Садақбаевтың жазасы жеңілдеудің орнына, керісінше қатаңдатылды.
Оқиға осыған дейін желіде тараған бейнежазбадан кейін белгілі болған еді. Онда ер адамның аурушаң әкесін жермен сүйреп, аяусыз ұрып жатқаны анық көрінген. Алғашқы сатыдағы сот шешімімен асаба болып жұмыс істейтін сотталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда ол бұл үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген.
Фемида өкілдері істі қайта қарап, сотталушының әрекетін аса ауыр қылмыс деп бағалады. Сот алқасы өздігінен қозғала алмайтын, қорғансыз қарияға көрсетілген қатігездікті ескере отырып, бұрынғы жазаға тағы 1 жыл қосты. Осылайша, әкесін қорлаған ер адам түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл шешім заң алдында ғана емес, адамгершілік құндылықтарды таптағандар үшін де сабақ болуы тиіс деп бағалануда. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енді.

