STEPPENEWS.KZ: Қазақстан шорт-трек құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың ең маңызды кезеңіне өтті. Елордалық спортшының айтуынша, алдағы басты мақсат – Олимпиада тұғырынан көріну.
Қазіргі таңда ұлттық құрама Астанадағы «Алау» мұз сарайында соңғы жаттығуларын өткізіп жатыр. Ашық жаттығу барысында Абзал Әжіғалиев дайындықтың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті.

«Олимпиада қарсаңындағы соңғы кезеңге келдік. Барлық қажетті жағдай жасалған. Ең бастысы – ойындарға физикалық әрі моральдық тұрғыда толық дайын болып бару», – деді спортшы.
Оның сөзінше, жаттығу процесінде денсаулық мәселесіне айрықша мән беріліп, әлем кубогының кезеңдерінде кеткен кемшіліктер мұқият талдануда.
«Әлем кубогындағы жарыстар бізге үлкен тәжірибе берді. Сол бәсекелерде кеткен қателіктерді саралап, қазір сол тұстарды жетілдіруге басымдық беріп отырмыз», – дейді ол.
Милан-Кортина-2026 Олимпиадасы Абзал Әжіғалиев үшін карьерасындағы төртінші Олимпиада болмақ. Ол бұған дейін 2014 жылы Сочи Олимпиадасында ерлер эстафетасында 5-орын алса, 2022 жылы Бейжіңде 500 метр қашықтықта жүлдеден сәл ғана қалып, төртінші орынға ие болған.
«Олимпиада медалі – бала кезден бергі арманым. Қазақ спортшыларының шорт-тректе де жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын дәлелдегім келеді. Бұл кезең мен үшін аса жауапты», – дейді ұлттық құрама спортшысы.

Бейжің Олимпиадасынан кейін Әжіғалиев біраз уақыт халықаралық аренадан тыс қалып, жарақаттарын емдеуге және жеке дайындығына көңіл бөлген. Осы уақыт аралығында ол шетелде арнайы жаттығу жиындарынан өткен.
«Төрт жылдық дайындық оңай болған жоқ. Физикалық та, психологиялық та сынақтар болды. Бірақ сол еңбектің нәтижесінде қайта бабымa келдім», – деп бөлісті ол.
2025 жылы Абзал Әжіғалиев Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасымен бірге тарихи алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, әлем кубогының бірнеше кезеңінде тұрақты нәтиже көрсетті. Ал алдағы Олимпиадада ол 500 метр қашықтықта және аралас эстафетада ел намысын қорғамақ.
«Алдымызда ең шешуші сын тұр. Милан-Кортина – басты межеміз. Жауапкершілікті толық сезінемін және бар күш-жігерімді саламын», – деп түйіндеді спортшы.
Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары Абзал Әжіғалиевтің спорттық жолындағы төртінші Олимпиада болмақ.

