STEPPENEWS.KZ: Абай облысында бес күн бұрын мал іздеуге шығып, иен далада хабарсыз кеткен 1969 жылғы тұрғын аман-есен табылды. Аяғы сынып, қозғалу мүмкіндігінен айырылған. Ол судың орнына қар жеп, жан сақтаған.
Бұл оқиға 17 наурыз күні басталды. Шаруа қожалығында мал бағатын ер адам жоғалған төрт түлікті түгендеу үшін атқа мініп, қырға бет алады. Алайда жолда аты сүрініп жығылып, ол жануардың астында қалып қояды. Шопан атты тұрғызуға әрекеттенгенімен, ауыр салмақтан аяғы сынып, дәрменсіз күйге түседі. Осы сәтте үркіген ат иесін далада жалғыз қалдырып, қашып кеткен.
Жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, полиция қызметкерлері мен ерікті туыстары қатысқан ауқымды іздестіру жұмыстары бес тәулікке созылды. Іздеу тобы зардап шеккен азаматты бүгін таңертең далалық аймақтан тапты. Дене жарақатына байланысты өздігінен қозғала алмаған малшы осы уақыт бойы азық ретінде тек қарды пайдаланған. Құтқарушылардың мәліметінше, өңірдегі ауа райының біршама жылы болуы ер адамды аяздан аман алып қалуға септігін тигізді.
Оқиға орнында алғашқы көмек көрсетілген соң, ол дереу Ақшоқы ауылына жеткізілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, ол дәрігерлердің бақылауына алынған.

