STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласында 2026 жылдан бастап бұрын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатыспаған 60 мыңнан аса тұрғын жергілікті бюджет есебінен сақтандырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Мұхамеджан Ілияс мәлім етті.
Оның сөзінше, бүгінде Алматы халқының саны шамамен 2,3 млн адамды құрайды. Соның ішінде 1,9 млн тұрғын, яғни 82 пайызы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Ал 444 мыңға жуық алматылықтың сақтандырылған мәртебесі жоқ.
«Сақтандырылмаған азаматтардың арасында D және Е санаттарына кіретін әлеуметтік жағдайы ауыр, шұғыл қолдауды қажет ететін тұрғындар бар. Бұл — өмірлік қиын жағдайға тап болған шамамен 95 мың адам. Олардың тұрақты табысы жоқ немесе табысы күнкөріс деңгейінен төмен, сондықтан мемлекеттік қолдауға мұқтаж», — деді Мұхамеджан Ілияс.
Осыған байланысты 2026 жылы аталған санатқа жататын және медициналық қызметті тұрақты пайдаланатын 34 мың адам үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджеттен төленбек.
Бұдан бөлек, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген 28 мың азамат үшін де сақтандыру жарналары бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
«Алдын ала есеп бойынша, 2026 жылы бұл мақсатқа 6,9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Бір адамға ай сайын төленетін жарна көлемі — 9 189 теңге. Бұл азаматтар автоматты түрде сақтандырылып, төлемдер нақты медициналық көмекке жүгінген жағдайда ғана жүргізіледі», — деп нақтылады ол.
Келер жылдың қаңтар айынан бастап аталған санаттағы тұрғындарға МӘМС жүйесінде медициналық қызмет алуға құқығы бар екенін растайтын SMS-хабарламалар жолдана бастайды.

