STEPPENEWS.KZ: Алматы хайуанаттар бағы «Шыршаны тапсыр» экологиялық акциясын қорытындылады. Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты хайуанаттар бағында 8–18 қаңтар аралығында өткен «Шыршаны тапсыр» экологиялық акциясы өз мәресіне жетті. Акция барысында қала тұрғындары жаңа жылдық табиғи шырша, майқарағай және қарағай ағаштарын хайуанаттар бағына тапсырып, жануарлардың мекен ету ортасын байытуға үлес қосты.
Жиналған ағаштар тұяқты жануарлардың кейбір түрлері үшін азық ретінде пайдаланылса, маймылдар, жолбарыстар, аюлар мен леопардтар үшін табиғи «ойыншық» қызметін атқарды. Сонымен қатар қылқанжапырақты ағаштар мен бұтақтар харзаларға, атжалмандарға, кірпілерге және жайраларға жұмсақ төсеніш ретінде қолданылды.

Акцияға бірнеше гүл дүкенін қоса алғанда, 50-ден астам адам қатысты. Тапсырылған ағаштардың ішінде тамыр жүйесі сақталған үш шырша бар, олар хайуанаттар бағы аумағына отырғызылады.
«Акцияға белсенді қатысқан барлық қала тұрғынына және шараны кеңінен жариялаған БАҚ өкілдеріне шынайы алғыс білдіреміз. Осылайша біз көп мөлшерде қылқанжапырақты ағаш пен бұтақ жинай алдық. Жануарлар үшін бұл қорек қана емес, сонымен бірге мекен ету ортасын жақсартуда маңызы зор: вольердегі әрбір жаңа зат – жаңа иіс, жаңа дәм және зерттеуге мүмкіндік», – деді Алматы хайуанаттар бағының ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Ақжами Елеманова.
«Шыршаны тапсыр» экологиялық акциясы табиғат пен жануарларға қамқорлық жасау әр адам үшін қолжетімді әрі қарапайым іс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алматы хайуанаттар бағы барлық қатысушыға белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіреді және алдағы уақытта да осындай экологиялық бастамаларды жалғастыруды көздейді. Сондай-ақ қала тұрғындарын мереке аяқталғаннан кейін де қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, экологиялық тұрғыдан тиімді шешімдер қабылдауға шақырады.

