STEPPENEWS.KZ: 2026 жылы Қазақстандағы тұрғын үй нарығы айтарлықтай өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жаңа салықтық талаптар, бастапқы нарықтағы бағаның өсуі, ипотекалық шарттардың қатаюы және екінші нарықтағы ықтимал баға түзетулері – сатып алушылар үшін тәуекел мен мүмкіндік қатар жүріп отырған жағдай қалыптастырды.
Осы тақырыпта Qazaq Expert Club өз пікірін білдірді. Клубтың құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшысы Диляра Сейтнурованың айтуынша, 2026 жылғы басты өзгеріс – тұрғын үйге қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуі.
Сарапшының мәліметінше, ҚҚС-тың енгізілуі жаңа тұрғын үйлердің бағасын автоматты түрде 8–12 пайызға дейін қымбаттатады. Сонымен қатар, енді пәтерді сатып алғаннан кейін екі жыл өтпей қайта сату кезінде 10 пайыз жеке табыс салығын төлеу міндеттеледі. Бұл алыпсатарлық мақсаттағы «құрылыстың бастапқы кезеңінде алып, тапсырылған кезде сату» моделінің тиімділігін жояды.
Мемлекеттік бағдарламалар сақтала ма?
Qazaq Expert Club мәліметінше, қолданыстағы «Наурыз», «Отау», «Наурыз Жұмыскер», «7–20–25» тұрғын үй бағдарламалары 2026 жылы да жалғасады. Алайда жаңа ауқымды бағдарламалардың іске қосылуы күтілмейді. Керісінше, банк секторы тарапынан несие беру талаптарының қатаюы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, ипотекасы алдын ала мақұлданған азаматтар ұтымды жағдайда. Себебі олар нарықтағы өсімге қарамастан төмен пайыздық мөлшерлемені бекітіп үлгерді. Ал тұтынушылық несиелері бар адамдар үшін ипотека алу күрделене түсуі ықтимал.
Мемлекеттік қолдау толық тоқтамайды, алайда ол жаппай емес, нақты әлеуметтік топтарға – жас отбасыларға, көпбалалы жандарға, кезекте тұрған азаматтар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне бағытталады.
Нарықта «қызу» бар ма?
Сарапшылардың бағалауынша, бастапқы тұрғын үй нарығында жеңіл деңгейдегі қызу байқалады. Бұған қолжетімді бөліп төлеу шарттары мен ипотекалық бағдарламалар әсер еткен. Әсіресе «Comfort» және «Business» санаттарындағы тұрғын үйлерде баға жоғары.
Ал екінші нарықта керісінше, жаңа үйлермен бәсекелесу қиындап барады. Бұл сегментте 10–15 пайызға дейін баға түзетілуі мүмкін, әсіресе қолма-қол есеп айырысатын сатып алушылар үшін саудаласуға мүмкіндік бар. Аймақтарда нарық салыстырмалы түрде тұрақты, ұсыныс аз болғандықтан ірі құрылыс компаниялары өңірлерге бет бұруы мүмкін.
Кім ұтады, кім ұтылуы мүмкін?
Ұтыста болатындар:
– «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары арқылы ипотекасы мақұлданған сатып алушылар;
– Қолма-қол қаражаты бар азаматтар, себебі олар үшін тиімді келісім жасау мүмкіндігі жоғары.
Тәуекелге тап болатындар:
– Қайта сату үшін инвестиция салатындар;
– Екінші нарықта коммерциялық ипотека алушылар.
Сарапшылардың кеңесі
Qazaq Expert Club сарапшылары 2026 жылы тұрғын үй сатып алуды жоспарлаған азаматтарға асығыстық танытпауға кеңес береді. Бағаның шарықтау шегінде сатып алмау, бастапқы және екінші нарықты сапа тұрғысынан салыстыру, сондай-ақ нарықтағы ықтимал түзетуді ескеру маңызды. Қажеттілік болмаса, екінші нарықта баға төмендейтін кезеңді күту тиімді болуы мүмкін.

