STEPPENEWS.KZ: Алматының тау кластерін дамыту аясында таулы аймақтардың адам қабылдау әлеуетін бес есеге арттырып, тәулігіне 30 мың туристке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Жоба туристер легін тиімді әрі біркелкі реттеуге, табиғи экожүйеге түсетін жүктемені азайтуға және тау бағыттарындағы қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік беретін заманауи басқарылатын инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.
Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітованың айтуынша, таулы аумақтың қалаға жақын орналасуы – Алматының басты бәсекелестік артықшылығы.

«Алматы таулы аумақ қала орталығынан небәрі 20–30 минуттық жерде орналасқан әлемдегі санаулы мегаполистердің бірі. Бұл жетекші тау туристік бағыттарын қалыптастыруға, туризмді тұрақтылық пен табиғатқа жанашырлықпен қарау қағидаттарына сүйене отырып дамытуға зор мүмкіндік береді», – деді Ғалия Тоқсейітова.
Туризм басқармасының дерегінше, бүгінде туристік сала жаһандық жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызына дейін үлес қосады. Ал инфрақұрылымға салынған әрбір доллар 15 долларға дейінгі жиынтық экономикалық тиімділік әкелуі мүмкін. Тау-шаңғы туризмімен айналысатын бір туристің орташа тәуліктік шығыны шамамен 350 долларды құрайды. Бұл тау туризмін дамыту Алматы үшін экономикалық тұрғыдан маңызды бағыт екенін айғақтайды.
Сонымен қатар туристер санының артуы таулы аумақтарға түсетін жүктемені едәуір күшейтіп отыр. Мәселен, 2018 жылдан бері Іле-Алатау ұлттық саябағына келушілер саны 4,5 есеге артқан. Ал «Шымбұлақ» тау курортына келушілер саны 2,5 есеге өсіп, жылына 1,5 миллион адамға жеткен.
Айта кетейік, Алматы тау кластерін дамыту және «Шымбұлақ» курортын жаңғырту бастамалары бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан еліміздің туристік саласын дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған.
Алматы тау кластері жыл бойы жұмыс істейтін, көп маусымды туристік өнім ретінде дамып келеді. Қыс мезгілінде – тау-шаңғы туризмі, жазда – хайкинг, экологиялық соқпақтар мен велосипед бағыттары ұсынылады. Аумақтың едәуір бөлігі кез келген азамат үшін қолжетімді күйінде қалады. Барлық жобалық шешімдер экологиялық талаптарды сақтай отырып және қоғамдық талқылау негізінде жүзеге асырылады.

