STEPPENEWS.KZ: Музей саласын дамыту және халықаралық талаптарды енгізу аясында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қызметкерлері Корея Республикасының Сеул және Кёнджу қалаларындағы жетекші музейлерде кәсіби біліктілігін арттырды. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері мәлімдеді.
Біліктілікті арттыру бағдарламасы Сеул қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен тегін негізде жүзеге асырылып, мәдениет пен музей ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.

Оқу бағдарламасы заманауи музей қызметінің негізгі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, экспонаттарды есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз ету, соның ішінде қолайлы климаттық жағдайды (температура, ылғалдылық, жарық) бақылау және реттеу, реставрация мен консервация жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ экспонаттарды тасымалдау барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау бойынша теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Тағылымдама барысында музей қызметкерлері Сеул және Кёнджу қалаларындағы жетекші музейлердің жұмыс тәжірибесімен жан-жақты танысты. Атап айтқанда, Кореяның Ұлттық музейі, Кореяның Ұлттық фольклор музейі, Сеул қаласы тарихы музейі, Сеул қолөнер өнер музейі, Седжон патша музейі, адмирал Ли Сунсин музейі, Кореяның Ұлттық сарай музейі, Кёнджу Ұлттық музейі, Кёнджу ұлттық паркі, Кенбоккун сарайы, Чхонгечхон музейі және Ханяндосон бекініс-қамалы музейінің қызметі зерделенді.
Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енген ашық аспан астындағы Кёнджу археологиялық кешенінің жұмысымен танысып, озық тәжірибелеріне назар аударылды.
Айта кетейік, 2022 жылы Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Сеул қаласы тарихы музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы келісім аясында 2022 жылы Сеул қаласы тарихы музейінде Алматы музейінің «Ұлы Дала жауһарлары» көрмесі, ал 2024 жылы Алматы қаласында Сеул қаласы тарихы музейінің «Сеул ғажайыптары» көрмесі ұйымдастырылды.

