«Қазгидромет» 27 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, Қазақстан аумағында күн райы құбылмалы болады.
Батыс пен шығыс өңірлерде, сондай-ақ оңтүстіктің таулы аймақтарында жауын жауады. Батыс өңірлерде жаңбырдың қатты нөсерге ұласуы ықтимал. Ал солтүстік, оңтүстік және орталықта негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Түнде және таңертең елдің кей бөлігінде тұман түседі. Батыста, оңтүстікте және шығыста желдің екпіні күшейеді, оңтүстік-батыс өңірлерде найзағай болжанған.
Синоптиктер бірқатар облыста өрт қаупі жоғары екенін ескертеді. Атап айтқанда, Ұлытау, Атырау (солтүстік-шығысы және оңтүстік-шығысы), Ақтөбе (оңтүстігі және орталығы), Жамбыл (оңтүстігі және орталығы), Қызылорда (солтүстігі және орталығы), Алматы және Қарағанды облыстарының батысы, Қостанай мен Ақмола облыстарының оңтүстік-батысында өрттің таралу қаупі бар.
Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Атырау (оңтүстігі мен шығысы), Жамбыл (батысы мен солтүстігі), Ақтөбе (батысы), Алматы (солтүстігі), Қостанай (оңтүстігі) және Ұлытау облыстарының жекелеген аудандарында өрт қаупінің өте жоғары деңгейі сақталады.
Мамандар жолда абай болып, ашық от қолданбауға кеңес береді.
