STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде 2026 жылы су тапшылығы туындауы мүмкін. Алдағы вегетациялық кезеңде сумен қамту жағдайы алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді.
Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Сырдария және Талас өзендерінің алаптарында су көлемі азаюы ықтимал. Ал Іле өзені бойынша жағдай біршама тұрақты болғанымен, 2025 жылғы қуаңшылықтан кейін таудағы ылғал қоры жеткіліксіз күйде қалып отыр.
Көктем мезгілінде өзендерге су келуі уақытша артуы мүмкін, алайда жазға қарай қайта төмендеу қаупі бар. Ең жоғары қауіп аймағында Арал–Сырдария және Шу–Талас су бассейндері тұр.

