STEPPENEWS.KZ: Бізде биыл бәрі жақсы болады. Халық үшін қоңды жыл болмақ, бұл туралы белгілі сарапшы журналист Айбар Олжаев Facebook парақшасында өз ойымен бөлісті. Айтуынша 2026 жыл қиын болады деп халық бекер сары уайымға салынып отыр. Себебі шығарған қорытындысы биылғы жыл 2025-тен де табысты жыл болуы мүмкін дейді. Ол өз тұжырымын қарапайым тілде түсіндіру үшін 5 параметрге бөлген.
Бірінші – инфляция.
Оның пікірінше, қымбатшылық экономикадағы әлсіз тұстардың бірі болғанымен, 2026 жылы инфляция 11–12 пайыз дәлізінде сақталады. Бұл – төтенше жағдай емес. Бұған дейін Қазақстан әлдеқайда жоғары инфляция кезеңдерін бастан өткерген. Қымбатшылықтың негізгі толқыны жыл басында байқалып, көктемге қарай бәсеңдейді.
Екінші – жұмыс пен жалақы.
Сарапшы алдағы жылы жұмыс орындары жеткілікті болатынын, ал жалақылар инфляцияға сай индексацияланатынын айтады. Бұл бағытта триллиондаған теңге көлемінде қаржы экономикаға тартылмақ. Сонымен қатар, еңбек құқығын қорғау күшейіп, жалдамалы жұмысшылар үшін тәуекелдер азаяды.
Үшінші – экономикалық өсім мен бюджет.
Оның айтуынша, 2026 жылы ішкі жалпы өнім кемінде 5,4 пайызға өсіп, экономика көлемі 440 млрд доллардан асады. Бюджет кірістері де айтарлықтай ұлғайып, салық түсімдері рекордтық деңгейге жетеді. Соның нәтижесінде Ұлттық қордан алынатын қаражат азайып, қордың жинақталу әлеуеті артады.
Төртінші – теңге бағамы мен резервтер.
Сарапшы халықаралық резервтердің 125 млрд доллардан асқанын атап өтеді. Оның айтуынша, теңге қазіргі таңда өз әділ бағасынан төмен бағаланып отыр, ал инвесторлардың ұлттық валютаға сенімі жоғары. Алдағы жылы теңге бағамының күрт әлсіреу қаупі байқалмайды.
Бесінші – шағын бизнес пен салық саясаты.
Оның сөзінше, халыққа қызмет көрсететін шағын кәсіпкерлер үшін жағдай жеңілдейді. Айналымы төмен бизнеске салық жүктемесі азаяды, ал тек қағаз жүзінде тіркелген кәсіпорындар нарықтан кетеді. Мемлекет адал кәсіпкерлерді қолдауға көшіп, сервистік модель енгізеді. Салық есептілігі қысқарып, тек тәуекел болған жағдайда ғана тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар, микро және шағын бизнеске арзан несие мен лизинг арқылы өндірісті жаңғырту мүмкіндігі беріледі.
Жалпы, сарапшының пайымдауынша, 2026 жыл экономика үшін қиын емес, керісінше, тұрақтану мен жинақталу кезеңі болмақ. Алтын, мұнай, ауыл шаруашылығы және өндіріс салаларындағы көрсеткіштер оң динамикада. Сондықтан алдағы жыл халық үшін де, бизнес үшін де берекелі болады деген болжам жасалып отыр.

