STEPPENEWS.KZ: 2026 жылы «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы тұрғын үй құрылысына көрсетілетін жалпы қолдау көлемі шамамен 2,4 триллион теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында холдинг басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.
Негізгі басымдық Отбасы банк арқылы жеңілдетілген ипотекалық несиелеуді кеңейтуге және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға беріледі.
Жоспарға сәйкес, биыл банк жалпы сомасы 1,63 триллион теңгеден асатын 70 мыңнан астам ипотекалық несие беруді көздеп отыр.
Ал Қазақстандық тұрғын үй компаниясы 700 миллиард теңгеден астам қолдаудың арқасында 2,2 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді қамтамасыз етеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аталған компанияның үлесі елдегі көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға берудің 22%-ын құрады. Соның нәтижесінде 3 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 35,6 мың пәтер пайдалануға берілді.

