STEPPENEWS.KZ: Pantone – Түстерді стандарттау және басқару саласында әлемдік деңгейдегі компания. Оның басты қызметі – түстерді нақты бір стандарт бойынша анықтау, сипаттау. Мысалы, дизайнерлер, баспагерлер, киім дизайнерлері Pantone кодын пайдаланып, түстерді дәлме-дәл сәйкестендіреді. Әр түске өзіндік Pantone нөмірі беріледі (мысалы, PANTONE 19-4052 Classic Blue). Сол арқылы әр дизайнер немесе өндіруші бірдей түсті қолданатынына сенімді болады.
Pantone жылдық тренд түстерін жариялайды. Мысалы, әр жылға “Жылдың түсі” деп таңдап, сән, дизайн және маркетинг индустриясында қолдануға ұсынылады. Бұл компания 1999 жылдан бері «Color of the Year» жариялап келеді.
Биылғы 2026 жылдың түсі ақтың жұмсақ реңкі – PANTONE 11-4201 Cloud Dancer таңдалғанын жариялады. Осылайша Pantone алғаш рет «жыл түсі» ретінде классикалық жарқын немесе қанық түсті емес, тыныш әрі бейтарап ақ реңкті таңдады. Сарапшылар бұл шешімді әлемдік мәдени және психологиялық өзгерістермен байланыстырады.

