STEPPENEWS.KZ: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандыру жарналары есептелетін табыстың ең жоғары шегі ұлғаяды. Бұл өзгеріс жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Аталған жаңашылдыққа QazaqExpertClub денсаулық сақтау саласының сарапшысы Гүлнафис Жүсіпалиева пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл бастама ең алдымен табысы жоғары азаматтарға әсер етеді.
Сарапшының мәлімдеуінше, қызметкерлердің шамамен 91 пайызы үшін ешқандай өзгеріс болмайды — олардың төлейтін жарналары бұрынғы деңгейде қалады.
«Бұл қадам МӘМС жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Өйткені емдеу, диагностика және дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығын жыл сайын өсіп келеді», — дейді ол.
Гүлнафис Жүсіпалиева сақтандыру жарналарының мөлшерлемесі өзгермейтінін, тек жарна есептелетін табыстың ең жоғары шегі қайта қаралатынын атап өтті. Сонымен қатар мемлекет жеңілдікті санаттағы азаматтар үшін төленетін жарналарды кезең-кезеңімен арттырмақ. Бұл өзгерістер жұмысшыларға да, бизнеске де қосымша қаржылық салмақ салмайды.
Нәтижесінде МӘМС жүйесінде «табысы жоғары адам — жауапкершілігі де жоғары» қағидаты күшейе түседі.
«Ең бастысы — медицина саласының тұрақты қаржыландырылуы және азаматтардың сапалы медициналық көмекке кепілді түрде қол жеткізуі», — деп атап өтті сарапшы.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде тағы бір маңызды жаңалық іске асады. Дағдарыстық және шұғыл әлеуметтік жағдайдағы азаматтар (D және E санаттары) медициналық қызметтерге толық қол жеткізе алады. Бұл шамамен 1 миллионға жуық адамды қамтиды, ал олардың сақтандыру жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Осылайша табысы төмен, тұрақты жұмысы немесе ресми кірісі жоқ азаматтар да МӘМС аясында жоспарлы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болады. Жарна төленбегені себепті медициналық қызметтен бас тарту тәжірибесі жойылады.
Бұдан бөлек, мемлекет ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін де МӘМС жарналарын өз мойнына алады. Бұл шаралар әлеуметтік қорғауды күшейтіп, халықтың денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалып қою қаупін едәуір азайтпақ.

