STEPPENEWS.KZ: 2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы мүгедектігі бар адамдарға 595,6 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде шамамен 440 мың адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 9,8 мың адам ымдау тілі қызметін, 26,5 мың адам жеке көмекшіні, 119,3 мың адам шипажайлық-курорттық емдеу қызметін алған.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарын және қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетімен таңдауға мүмкіндік береді. Қызметке тапсырыс беру көрсетілетін қызмет алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған жағдайда жүзеге асады. Тапсырыс берілген құралдар мен қызметтерді жеткізу арқылы немесе өз бетімен алып кету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар кіреді.
Бүгінде Порталда 595 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 1084 ОТҚ жеткізушісі, 32 мыңнан астам жеке көмекші, 766 ымдау тілі қызметін ұсынушы және 124 шипажайлық-курорттық емдеу қызметін көрсетуші тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша кеңестерді қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы алуға болады.

