STEPPENEWS.KZ: 2025 жылы мемлекеттік қолдау аясында түсірілген «Qaitadan» фильмі қазақстандық киноиндустриядағы ең табысты жобалардың біріне айналды. Картина прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс жинап, мемлекет тарапынан жұмсалған қаражатты толық өтеп қана қоймай, оны бес есеге арттырды. Бұл нәтиже мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсетіп, көрерменнің отандық киноға деген сенімін күшейтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Кинематография туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер фильмдерді прокатқа дейінгі сараптау тетіктерін жетілдіруге және ұлттық киноның сапасын арттыруға бағытталған.
Жылдың маңызды оқиғаларының бірі – «Қазақфильм» киностудиясына мемлекеттік қолдаудың қайта жандануы болды. Бүгінде студия қазақ киносының Алтын қорын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып келеді.
Сонымен қатар «Қазақфильм» ғимараттарын жаңарту жобасы іске қосылды. Соңғы 15 жылда алғаш рет жөндеу жұмыстары жекеменшік сектордың қатысуымен жүзеге асып, жоба толықтай жеке инвестиция есебінен қаржыландырылды.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жариялаған конкурс қорытындысы бойынша 16 жаңа жоба жеңімпаз деп танылды. Олардың арасында тарихи және патриоттық бағыттағы фильмдер де бар.
2025 жылы прокатқа 10 отандық фильм шықты. Олардың қатарында «90+1», «Тарлан», «Игроманка», «Капитан Байтасов», «Qaitadan», «Алтын адам» анимациялық фильмі және өзге де туындылар көрерменге жол тартты.
«Qaitadan» фильмінің режиссері Думан Еркімбек мемлекеттік қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, фильм Ақтауда өткен «Қорқыт ата» фестивалін ашып, Римде ұйымдастырылған Қазақстан киносы апталығының алғашқы күні көрсетілген. Сонымен қатар режиссер жас киногерлер мен продюсерлерге арналған Шанхай ынтымақтастық ұйымы бағдарламасы аясында Қытайда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болған.
«Жас буынға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қазақстандық киноның жаңа деңгейде дамуына серпін береді», – деді ол.
Отандық «Бауырына салу», «Шатырдағы екеу», «Пряники для ее отца, моего прадеда, ее деда», «Победителей видно на старте» және өзге де фильмдер АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Қытай және басқа елдерде өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысып, 30-дан астам беделді марапатқа ие болды.
Актер Бақыт Қажыбаевтың жетістігі де айрықша атап өтуге тұрарлық. Ол Қытайдың Чунцин қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің кинофестивалінде «Набат операциясы» фильміндегі рөлі үшін «Үздік актер» аталымын жеңіп алды.
Тамыз айында Қазақстан Циндао қаласында өткен ШЫҰ елдерінің кино апталығына қатысты. Бағдарлама аясында «Обучение Адемоки» және «Ағайындылар» фильмдері көрерменге ұсынылды.
Сонымен қатар Қазақстан киносының күндері 15-тен астам мемлекетте өтті. Атап айтқанда, Грекия, Қырғызстан, Албания, Франция, Норвегия, Италия, Чехия, Жапония, Түркия, Сингапур, Әзербайжан, Ресей, Бельгия, Өзбекстан және өзге елдерде отандық фильмдер көрсетілді.

