STEPPENEWS: Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылғы мәдениет саласы бойынша жылдық қорытындыны жариялады. Есепке сәйкес, жыл ел мәдениетінің халықаралық деңгейде кеңінен танылып, мәдени дипломатияның нығаюымен толыққан. Қазақстан өнері, әдебиеті мен тарихи мұрасы әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен насихатталды.
2025 жылғы маңызды жетістіктердің бірі – Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығының ашылуы болды. Бұл орталық өнер, тіл және мәдени алмасу бағытындағы ең ірі алаңға айналып, еліміздің бай мұрасын халықаралық қауымдастыққа таныстыруға жол ашты. Қысқа уақыт ішінде орталық 2 мыңнан астам келушіні қабылдап, көрме, білім беру және ағартушылық бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастырды.
2025 жылғы мәдени күнтізбеде Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы айрықша орын алды. Атаулы дата ЮНЕСКО-ның 2024–2025 жылдарға арналған халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар тізіміне енгізілді. Бұлдегеніміз композитордың әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Рим қаласында ақынның ескерткіші орнатылды. Бұл оқиға Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени байланыстарды күшейтті. Сонымен қатар, Қырғызстанның Ош қаласында көшеге ақын Абайдың есімін беріп, ескерткіш және музей ашылды.
Армениядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл жоба Президенттің Арменияға ресми сапары барысында жасалған келісімдердің нәтижесінде іске асты.
Тамыз айында Қазақстан мен Қырғызстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіш ашылды.
Биыл Ақтау қаласына Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі берілді. Бұл шешімді Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы қабылдады. Жыл бойы Ақтау қаласы жиырмадан астам елдің мәдениет қайраткерлерін қабылдап, халықаралық фестивальдер, көрмелер, конференциялар мен шығармашылық жобалар ұйымдастырды.
Сонымен қатар, 2025 жылы Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтті. Ал Қазақстан аумағында Вьетнам мәдениетінің күндері ұйымдастырылды. Мұндай бастамалар халықаралық мәдени қарым-қатынасты нығайтып, елдер арасындағы шығармашылық байланыстарды тереңдете түсті.
Қазақстандық театрлар да жыл қорытындысы бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Астана Опера» театрының шетелдегі гастрольдері аншлагпен өтіп, әртістер әлемнің жетекші сахналарында жоғары баға алды. Сондай-ақ, қазақстандық опера өнерінің жас өкілі Нұрсұлтан Әнуарбек әлемдегі ең беделді жобалардың бірі саналатын Үлкен театрдың Жастар бағдарламасына конкурс арқылы қабылданды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2025 жыл Қазақстан мәдениетінің халықаралық кеңістікте беделі артып, шығармашылық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілген кезең ретінде тарихта қалды.

