STEPPENEWS.KZ: Солтүстік Қазақстан облысында он жыл бойы тұрғындарды қанап, заңсыз несие берумен айналысқан азаматтың қылмыстық әрекеті әшкере болды. Қаржылық мониторинг агенттігі күдіктінің 1,8 миллиард теңгеден астам заңсыз табыс тауып, адамдарды мүлкінен айырғанын анықтады.
Күдікті 2013 жылдан бері тиісті лицензиясыз жеке және заңды тұлғаларға жылдық мөлшерлемесі 120 пайызға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз беріп келген. Мәмілелерді заңдастыру үшін ол келісімшарттарға алдын ала есептелген сыйақыны қосып, нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары көрсеткіштерді жазған. Қарызды қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында мүлікті сатып алу-сату туралы жалған шарттар рәсімдеп, борышкерлерге жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданған. Тіпті сот процестері кезінде ақпаратты әдейі жасырып, бір қарызды екі рет өндіріп алу арқылы алаяқтық жасаған. Қазіргі таңда сот шешімімен күдіктінің 1,1 миллиард теңгелік мүлкі, соның ішінде элиталық пәтерлері мен «Land Rover Range Rover» сынды қымбат көліктері бұғатталды. Қылмыстық іс сотқа жолданып, күдікті қамауға алынды.

