STEPPENEWS.KZ: Көкшетау қаласында екі шаруашылықтың басшылары мемлекеттік субсидияны заңсыз алғаны үшін сотталды. Істі Ақмола облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеді.
Тергеу барысында «МолПродЖаркаин» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығының жетекшісі Маслов екі жыл бойы сүт және сүт өнімдерін өндіруге арналған мемлекеттік қолдау қаржысын заңсыз иемденіп келгені анықталды.
Анықталғандай, «Рассвет» қожалығында көрсетілген көлемді өндіруге жететін мал басы болмаған. Соған қарамастан 3 миллион килограмнан астам шикі сүт жеткізілді деген жалған құжаттар рәсімделген. Осы құжаттардың негізінде субсидия алуға өтінім беріліп, қаражат кәсіпорын шотына аударылған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады. Қаржының бір бөлігі Ефимкинаның туысының депозиттік шотына жіберілген. Кейін бұл қаражатқа жылжымалы ғимарат сатып алынып, ол жалға беріліп отырған.
Тергеу кезінде 6 жер телімі, 4 пәтер, 11 автокөлік, бір жылжымалы ғимарат және өндірістік нысанға тыйым салынды.
Сот екі айыпталушыны 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Жылжымалы ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді.

