STEPPENEWS.KZ: 2026 жылдың мамыр айында Лас-Вегаста Enhanced Games турнирі өтпек. Жобаны қазірдің өзінде «Стероидтардағы Олимпиада» деп атап жүр. Қолданыстағы антидопинг жүйесіне балама ұсынатын бастама туралы Qazaq Expert Club-тың спорт сарапшысы Евгений Азарьев пікір білдірді.
Оның айтуынша, жобаның негізінде мынадай ұстаным жатыр: кәмелетке толған спортшы өз физикалық мүмкіндігін арттыру үшін фармакологияны, биохакингті және заманауи медициналық технологияларды қолдануға құқылы. Ұйымдастырушылар тыйым салу саясатының орнына ашық әрі бақылаудағы медициналық қадағалау жүйесін енгізуді ұсынып отыр.
Қазіргі таңда жарыстар жүзу, жеңіл атлетика және ауыр атлетика бойынша жоспарланған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 50-ден астам кәсіби спортшы қатысуға келісім берген. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар. Қызығушылықтың басты себебі — қомақты жүлде қоры: әр дисциплинада 500 мың долларға дейін, ал әлемдік рекорд үшін 1 миллион доллар қарастырылған.
Сонымен қатар, медициналық бақылау уәдесіне қарамастан, денсаулыққа төнетін қауіп сейілген жоқ. Әсіресе жүрек-қантамыр жүйесіне, гормоналдық тепе-теңдікке және психикаға түсетін ауыр жүктеменің ұзақмерзімді салдары алаңдатады. Бұдан бөлек, индустриялық тәуекел де бар: егер «жақсартылған» нәтижелер жаңа стандартқа айналса, дәстүрлі спорт аудитория мен демеушілердің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін.
Бұл Қазақстан үшін нені білдіреді?
Қазақстан спорттағы беделін таза бәсеке қағидаттарына сүйене отырып қалыптастырып келеді. Сондықтан отандық спортшылардың мұндай жобаларға қатысуы ұлттық имиджге кері әсер етуі ықтимал. Дегенмен бұл трендті елемеуге болмайды. Enhanced Games бастамасы кәсіби спорттағы қаржыландыру мәселесінің өзектілігін айқын көрсетті. Егер монетизация мен қолдау тетіктері жаңартылмаса, жоғары табыс пен еркіндік ұсынатын жеке лигалар талантты спортшыларды өзіне тарта бастауы мүмкін.

